16 Маусым, 2015

Ауыл  шаруашылығы – экономиканың маңызды саласы

2326 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Бейсенбек Зиябек (2)Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сайлауалды тұғырнамасы ретінде 5 институттық реформаны ұсынды. Ал одан кейін халықтың мол сенімі мен бірауыздан дауыс беруінің арқасында президенттік сайлауда жоғары көрсеткішке ие болып, сайлаудан кейін аталған реформаларды жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамды айқындап берді. Қарап отырсақ, әлемдік сын-қатерлерге жауап бола білетін осы бағдарламаны толықтай оқып, өз бетімше талқылай отырып, ондағы басымдық берілген бір­неше салаларға назар аудардым. Эко­номист маман ретінде мені бұл қадамдар бей-жай қалдыра алмайды. Сол себептен де, мемлекет мүддесі үшін әзірленген Ұлт жоспарының мән-мағынасына терең үңілдім және маман ретінде өзіндік пайымдарым мен ұсыныстарымды сараладым. Басынан бастар болсам, Елба­сының өткен жылдың қараша­сында халыққа Жолдауынан түйер ой көп болды. Елбасы осы Жолдауында Жаңа Экономикалық Саясатты жария етті. Осыған байланысты Жаңа саясат дегенді біз жаңа мақсат қою деп түсінуіміз керек. Ол үшін билік егемендікті алғаннан бастап жүргізіліп жатқан экономикалық саясатқа ғылыми талдау жасау қажет сияқты. Біз бүгінгі таңда жетіс­тіктерімізді атай отырып, қандай кемшіліктер жібергенімізді қоғамға жария етуіміз қажет. Мұндай талдау – жаңа экономикалық саясатқа деген халықтың сенiмiн арттырады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ұдайы айтып отыратын «әуелі экономика, одан кейін саясат» сөзінің де астарында ауқымды ой жатыр. Шын мәнінде, экономикасы дұрыс жолға қойылған ел ғана дами алады, өседі, өркендейді. Елбасы бірінші кезекте басымдық беретін экономика саласының ішінде ауыл шаруашылығы мәселесiне тоқталып өтер болсам, 35-қадамда ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу керек, сондай-ақ, жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу керек делінген. Осының негізінде нақты бағыт­тарды жүзеге асыру үшін ауыл ша­руа­шылығы экономиканың ма­ңыз­ды саласы деген тұжырымдама қалыптасуы қажет. Оның жұмыс істеуі және дамуы өткен ғасырмен бай­ланыста емес, бүгінгі нарыққа ың­ғайланған болуы дұрыс. Осыған орай бір жағынан нарық­тың олқы жерлерін толықтыратын, екінші жағынан аграрлық секторды мемлекеттік реттеудің жеткіліксіз жерлерін, сондай-ақ, қаржыландыру жүйесінің тиімді жүйесін және аграр­лық секторды басқаруды дұрыс ұйымдастыратын ауыл шаруа­шылығын 2015-2020 жылдары дамыту туралы заң қабылдау қажет. Заңда ауыл шаруашылығының орны мен рөлін анықтау, оны дамытудың негізгі индикативті көрсеткіштерін белгілеу, инвестициялық жұмыс­тарды қолдау және реттеу, ауыл шаруашылығы қызметін субсидия­лау, ауыл шаруашылығы өндірісі секторын несиелеу принциптері, азық-түлік нарығын реттеу, ауыл шаруашылығы аймағын әлеуметтік дамыту, ауыл шаруашылығына қа­тысты емес салаларды және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету салаларын дамыту, агро азық-түлік секторын ғылыми және инно­вациялық қамтамасыз ету керек деп есептеймін. Жаңа негізде республикалық бюд­жеттен ғана емес, жалпы, экономиканың теңестірілуіне ба­ғытталған сапалы функциялы қаржы тұжырымдамасын әзірлеу және жүзеге асыру қажет. Ауыл шаруашылығы мемлекет экономикасы жүйесінде қарастырылуы тиіс. Ауыл шаруашылығының экономикасы – бұл экономиканың барлық салаларына тікелей және жанама ықпал етеді және Қазақстанның барлық азаматтарының тұрақты, қауіпсіздікте өмір сүруіне жағдай жасайды. Мысалы, ауыл шаруашылығында шешiлмей жүрген бір мәселе жер мәселесі және өнiмдердi сақтандыру деп айтар едім. Бұл туралы 36-қа­дамда нақты айтылған. Жер телім­дерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат алу ресімдерін же­ңілдету, ауылшаруашылық жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу, барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру керек деп анық жазылып тұр. Осыған орай бүгінгі таңда Қазақстан Үкіметінің араласуымен ауыл шаруашылығы мәдениетін қолдау, сақтандыру мақсатында мем­лекеттік қор құру қажетттілігі туындайды. Нақты айтар болсам, сақтандыру тетігі мынадай: біріншіден, ауыл шаруашылығын міндетті сақтандыру мемлекеттік резервтік қор арқылы жүзеге асуы қажет, сонымен қа­тар, ауыл ша­руашылығын жыл басында өн­дірушілер өндіріске кеткен шы­ғынды қосқанда қорға сақтандыру салымдарын аударуы керек. Екін­шіден, сақтандыру ісінің шынайы тетігімен жұмыс жасағандықтан сақтандыру шарты бойынша егін шықпаған жыл­дары шығынға ұшы­раған шаруашылықтарға сақ­тандыру үстемеақылары міндетті түрде тө­ленеді. Ол үшін Қор Үкіметтен түрлі қолайсыз жағдайлардың алдын-алу үшін, жеңілдікпен қарастырған мемлекеттік ұзақ мерзімді несие алуы қажет. Үшіншіден, өмірлік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қордан түрлі табиғат апаттарына және тағы да басқа қолайсыз жағ­дайларға байланысты егін өнімі шығынға ұшыраған жағдайда алын­ған қаражат егін көп шыққан жылдары орнын толтырады. Осыған орай елімізде ауылшаруашылығы мәдениетін сақтандыруды мем­лекеттік қолдау мақсатында мықты жүйе құрылмақшы. Қордың ақша ресурстарын сақтау мақсатында, олар тек қана Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің депозиттерінде сақталуы керек. Бүгінгі күнде несиелерді мер­­зімінде қайтару үшін ауыл­шаруа­шылық өндірісінің мүліктерін кепілге алу шаралары жүзеге асы­рылып жатыр. Алайда, егін өнімі аз болған жылдары, яғни кіріс болмаған жағдайда кепілге алған мүлік шығынның орнын толтырады. Шаруашылық жүргізуші субъектілерге бұл шаруашылықтың күйреуіне әкелсе, банктер үшін шексіз кепілге алынған мүлікті қалай өткізу керек деген мәселе туындады. Несиелерді қайтарудың ең қарапайым түрі ауылшаруашылық өнімін сақтандыру, себебі, несие сол жылғы өнімге беріледі емес пе? Сол себепті, ауылды мекендер­де сақтандыру ісінің дамуына банк­тер үлкен қызығушылық танытады. Сондай-ақ, мемлекеттік резервтік қорда сақтандыру поли­сінің болуы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге жыл басында коммерциялық банктерден несие алу мүмкіндігін туғызады. Осылайша, көптеген фермерлер несие ресурс­тарына оңай қол жеткізіп, біршама өзекті мәселелер шешімін табады. Сондай-ақ, ауылшаруашылық өнімдерін сақтандырудың бүгінгі мемлекеттік түрлерін сақтау қажет. Сақтандыру тетігінің бұл жүйесін шаруашылықтың басқа да салаларына тарату қажет деп есептеймін. Қазіргі таңда институттық органдардың негізгі бағыты мен дамуы және көлемі әр мемлекетте әртүрлі. Алайда, мемлекетпен реттелетін агроөнеркәсіптік кешені, институттық органдардың мақсаты мен міндеті, негізгі қағидаттары мен қызметі, негізгі бағыттары бірдей болып келеді. Ал олардың бағыты мен қызметіне тоқталар болсам, ол әуелі агроөнеркәсіптік секторды қаржы-несиелік реттеу, онан соң ішкі ауылшаруашылық нарығы мен ауыл шаруашылығында өндірістік салалардың қайта жандануын реттеу, яғни кооперация болып табылады. Халықаралық тәжірибеде қар­жы-несиелік реттеу ауыл шаруа­шылығын мемлекеттік реттеудің негізгі нысандарының бірі болып табылатындығын ескерген жөн. Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы жерiн сатып алуға рұқсат беру заңына он жылдан астам уақыт өтті. Осы заңның басты мақсаты көпшiлiк халықты жер иесi ету және ауылшаруашылық жерiн нарық айналымына қосу едi. Алайда, елде жер нарығы пайда болған жоқ, көпшiлiк халық жердiң егесi болды деу де өте қиын. Себебi, бұл жұмыс дайындықсыз жүрді және ауылдағы халықтың тұрмысына сай емес едi. Тағы да бұрынғы колхоздар мен совхоздардың жерлерi учаскеге емес, үлеске бөлiндi. Мұндай жағдайда жердi айналымға қосу мүмкiн емес едi. Сондықтан, тиiмдi жердiң егесi пайда болған жоқ, яғни сапалы өзгерic болмады. Біздің ойымызша, бұл мәсе­лені шешу үшін Қазақстан Респуб­ликасында жер банкін ашу керек едi. Ипотекалық несиелеу жүйесі, соның ішінде, жер несиесі, нарықтық экономикасы бар барлық дамыған мемлекеттерде мемлекеттің қажетті әлеуметтік-экономикалық саясатын жүргізетін институт болып табылады. Банктердің кепілге жылжымайтын мүлікті ала отырып, беретін несиелері ай сайын төлейтін несиенің төлемақысын азайтып, әдетте 10-25 жылға беріледі және ол қолжетімді. Алайда, мұндай несиелердің мерзімі ұзақ болғандықтан оның дамуын қайта қаржыландыру жүйесі арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Қоғамда шешiмiн таппай жүрген мұндай мәселелер жоқ емес, бар. Сондықтан, осындай түйткілді мәселелер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған Ұлт жоспары ба­рысында шешiмін табатынына сенiмім мол. Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ, профессор, экономист.